Fitch KMF рейтингін «B+» деңгейінде растады, болжам – «Тұрақты»
15 шілде, 2025 ж. – Fitch Ratings агенттігі «KMF (КМФ)» МҚҰ» АҚ-ның эмитент дефолтының ұзақмерзімді рейтингін «B+» деңгейінде, ал ұлттық ұзақмерзімді рейтингін «BBB(kaz)» деңгейінде растады. Рейтингтер бойынша болжам – «Тұрақты».
Агенттік мәліметінше, бұл рейтингтер KMF-тің микро, шағын және орта бизнесті қаржыландыруға бағытталған бизнес-моделін көрсетеді. Рейтингтің оң факторлары ретінде компанияның микрокаржыландыру секторындағы жетекші орны, көпжылдық тұрақты қызметі мен әртараптандырылған несие портфелі ескерілді. Сонымен қатар, KMF-тің тікелей нарықтық тәуекелге ұшырау деңгейі төмен екені және ішкі әрі халықаралық қаржыландыру көздеріне, оның ішінде халықаралық даму қаржы ұйымдары мен импакт-инвесторлардан қаржы тарту мүмкіндігі – компанияның артықшылықтары ретінде бағаланды.
Шалқар Жүсіпов, KMF Басқарма төрағасы
– Fitch Ratings агенттігінің «Тұрақты» болжамы – компаниямыздың тұрақты дамуы мен қазіргі жағдайдағы өсу әлеуетін көрсетеді. Біз екінші деңгейлі банкке айналу жолында жоспарлы әрі мұқият жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл ретте кәсіпкерлікті қолдауды жалғастыра отырып, бизнесті кеңірек өнім желісімен қамтамасыз ететін боламыз. Рейтингтің расталуы біздің тұрақтылығымыз бен бәсекелік артықшылықтарымызды тағы бір мәрте дәлелдейді.
«KMF (КМФ)» МҚҰ» АҚ – микрокаржыландыру секторындағы ең ірі компания. 1997 жылдан бері нарықта жұмыс істейді. Қазақстан бойынша кеңінен таралған филиалдық желіге ие болып, шалғайдағы ауылдарды да қамтып отыр. Бүгінде KMF 17 филиал мен 122 бөлімшеден тұратын географияға ие. Ұйым жеке тұлғаларға, микро, шағын және орта бизнеске қаржыландыру ұсынады, сондай-ақ ауыл шаруашылығы субъектілерін белсенді қолдайды.
KMF лицензиясы: № 02.21.0003.M, 2024 жылғы 18 шілдеде ҚР ҚНРДА берген.